Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов жұмыс сапарымен шығысқа келді. Вице-министр алдымен Өскемендегі «Мансап» орталығына барды. Орталықтың қызметімен танысты. Ақмәди Сарбасовқа іске асқан бастамалар туралы да ақпарат берілді. Бұдан бөлек, аймақтың еңбек қауіпсіздігі мен жұмыспен қамту салаларындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Республика көлемінде өндірістік жарақаттанудың 5 пайызға өсуі "Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын" шұғыл жүзеге асыру қажеттгін көрсетіп отыр. Өндіріс орындары көп шоғырланған шығыс халқы үшін бұл сапардан күтер оң өзгерістер көп болмақ. Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, еңбек қауіпсіздігі мен денсаулықты қорғауға қатысты жаңа талаптар енгізіліп, жергілікті органдар мен жұмыс берушілерге нақты тапсырмалар беріледі.
Вице-министр халықты жұмыспен қамту мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Жұмыс істеп тұрғанына 1 жылдан асқан орталық мамандарының сөзінше, жыл басынан бері «алғашқы жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша 181 жас түлек қызметке орналасса, қоғамдық жұмысқа 1251 азамат тартылған.
Вице-министрдің сапары аясында өңірдегі еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік мәселелерді шешудің жолдары қарастырылды. Осы бағытта жасалған жоспарлар мен бағдарламалардың тиімділігін арттыру мақсатында жұмыс берушілер мен жергілікті атқарушы органдарға үлкен жауапкершілік жүктелген. Алдағы уақытта бұл бастамалардың іске асуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуі тиіс.