Данияда «Ботай-көлеңке іздері» фэнтэзи жанрында жазылған кітап жарық көрді. Авторы 20 жасар - Леонора ван Деурс. Автор бұл романды жазуға 3 жыл уақытын жұмсаған. Ал оған шабыт берген қазақтандық тәуелсіз зерттеуші, ғалым, продюсер Нұрбол Баймұхановтың «Жылқы тарихы» атты деректі фильмі. Жазушының Қазақстанға келуі, әсіресе Шығысқа атбасын бұру кездейсоқтық емес. Алтайдың тау-тасын атпен аралап, шабытына шабыт қосу.
Кітабын 15 жасында жазып бастаған ол 18 жасында аяқтаған. «Equus Жылқы тарихы» деректі фильмінен әсер алған жасөспірімнің фэнтэзи жанрында басқа ұлт туралы жазуы табанды еңбекті талап етеді. Үздіксіз ізденіс нәтижесінде дүниеге келген туынды - «Ботай-көлеңке іздері» деп аталады. Қазір Леонора 20 жаста. Қазақстанға ата-анасымен арнайы келген. Мақсат - елді көріп, шығармашылық шабыт алу, керек ақпарат жинау.
Жазушыға шабыт берген фильмді түсіруге 3 жыл уақыт кеткен. 11 елде түсірілім болған.
Шетелдік қонақтармен бірге бүгінде Ботай қонысына жақын жерде тұратын жастарға атқа мініп, садақ атуды үйретіп жүрген Асылым Ахметова да келді. Жастайынан жылқы малына жаны жақын арудың шетелдік жас жазушымен қызығушылығы ортақ болғандықтан ұйымдастырушылар оларды таныстыру мақсатында арнайы шақырған.
Жас жазушы өзінің төл туындысын орыс және қазақ тіліне аударуды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде екінші кітабын жазу үстінде. Осы жолғы сапары жаңа туындының жарыққа шығуына серпін берері хақ. Ал облыстық әкімдікте Леонора ван Деурспен кездескен сала басшылары оған шығармашылық табыс тілеп, естелік сыйлықтарын табыс етті.