Аймаққа жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлнаразова Риддер қаласына барды. Министр жергілікті тұрғындармен кездесіп, халықты толғандырған сұрақтарға жауап берді. Ақмарал Әлнаразова қалада салынып жатқан көпсалалы аурухана кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Кездесуге әріптесім Мирас Талғатұлы да қатысып қайтты.
Риддер қаласының «Достық үйінде» жергілкті тұрғындармен кездескен министр халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау жүйесін дамыту маңызды екенін айтты. Әсіресе, тегін дәрі-дәрмектердің тізімі мен оларды алу тетігі қайта қаралып жатқанын жеткізді. Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Кездесуде тұрғындар бірнеше мәселені көтеріп, сұрақтарына жауап алды. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері азаматтарды жеке қабылдап, олардың талап-тілегін тыңдады.
Елде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын әзірленген. Осы жоба аясында шығыс өңірінде 36 нысан құрылысы аяқталып, қолданысқа берілуі керек. Соның бірі, Риддерде құрылысы қарқынды жүріп жатқан көпсалалы аурухана кешені. Жаңа медициналық кешенде 500 адамға арналған емхана, 200 орындық стационар бар.
Риддердегі ескі аурухана 1939 жылы салынған. Медициналық мекемеде науқастар бес бірдей бөлімшеге сыймай отыр. Қазір мұнда 50 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Жаңа нысан қолданысқа берілгеннен кейін ауруханадағы орын тапшылығы мәселесі шешімін табуы тиіс.