Облыста кәсіпқой спорт түрлерімен қатар бұқаралық спорт да жоғары деңгейде дамып келеді. Оған өңірдегі саламатты өмір салтын ұстанушылар қатарының күн сайын артып келе жатқандығы дәлел. Қазіргі таңда аудандар мен ондағы елді мекендерде спорттық-сауықтыру кешендерінің молынан салынуы, жарыстардың жүйелі ұйымдастырылуы бұл бағытқа жақсы серпін беріп отыр.

Бұқаралық спортты дамытуда тың жобалар қолға алған ауданның бірі Тарбағатай. Аудандағы спорт саласының басы-қасында жүргендер «дені сау, шымыр ұрпақ – ұлттың басты байлығы» деген берік ұстанымда. Олар үшін жастардың оқу, жұмыстарымен қатар спортпен айналысып, сау ұлт болып дамуына дұрыс жағдай жасау – басты қағида. Ақжар ауылында осы ретте Конституция күні мейрамына орай «Ақжар марафоны» ұйымдастырылды.

Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде елімізде 8 милионнан аса адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл – халықтың 40 пайызын құрайды. Осы көрсеткішке үлес қосып келе жатқан тарбағатайлық жастар. Әрқайсы өзі сүйген спортпен айналысып, дені сау ұлттың бір бөлшегіне айналған. Соның қатарында Дәулет Кеңесханов бар. Азамат мұндай шаралардан қашанда қалыс қалмайды екен.

Марафон межесі әр санатқа әр түрлі. Ерлер 5 шақырымды бағындырса, қыздар 2,5 шақырымды жүгіріп өтті. Жеңімпаздар, арнайы нөмірлерімен жас мөлшерлеріне қарай анықталды. Ал дегеннен алға шығып, жарыс аяқталғанша жанына ешкімді ілестірмеген Нұрасыл Жәнібеков. Жас спортшы ең бірінші болып жетті.

Жарысқа ұзын-саны 20-дан аса адам қатысты. 35 жасқа дейінгі аудан жастары бақтарын сынауға келген. Арасында қыздар да бар. Олардың да көрсеткіштері жаман емес.

Осы жарыс тарбағатайлықтардың спортқа қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді. Әрқайсы жеңіске ұмтылып, жолдан қалмады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Бұл – жастардың еңбегін елеп, спортқа баулудың бір әдісі. Жалпы, аудан спорт саласын мықтап қолға алған.

Марафон жүгіріп өту әлемдік бұқаралық спортта үлкен маңызға ие. Біздің елде соңғы жылдары жақсы қарқын алып келеді. Желаяқтар жарысы әсіресе Еуропа елдерінде жоғары бағаланады. Мұндайда қазақ баласының бабы да, бағы да жану керек. Денесі шымыр, сергек келетін ауыл баласын осы спортқа баулу – болашақ чемпиондарды дайындау деген сөз. Ұйымдастырушылар осы ойды алға шығарып отыр.