Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керектігіне тоқталды. Президенттің сөзінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша қор әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді.

Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Президент медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырғанын баса айтты. Сондай-ақ, маман тапшылығын азайту үшін медицина саласындағы білім сапасын арттыру және бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керектігін де атап өтті.

Мемлекет басшысы Үкіметке денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуді тапсырды. ШҚО әкімінің штаттан тыс кеңесшісі.Зарина Камасованың пікірінше, президент айтып өткен мәселелер өзекті. Әсіресе, қарапайым халыққа медицина қол жетімді болуы керек.

Сонымен қатар, Президент мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын айтты. Әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Сондықтан, Президент Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырды.