Көлеңкелі экономика, қаржы пирамидалары, құмар ойындар және лудомания қазіргі қоғамда кең тараған мәселелердің бірі болып отыр. Осы тақырыптар бойынша Өскемен қаласындағы Қазақстан-Американдық еркін университетінде арнайы кездесу өтті. Шараны «Антарес А» қоғамдық қоры, облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Бүгінгі күні қаржы пирамидалары мен көлеңкелі экономика қоғамға үлкен қауіп төндіреді. Кездесу барысында осы мәселелерді шешудің жолдары талқыланды. Жастар арасында құмар ойындарға тәуелділік пен лудоманияның алдын алу шаралары да басты назарда болды. Департамент басшысының айтуынша, мамандық таңдау өмірдегі ең маңызды қадам. Адам жұмысына адал болғанда, басқа зиянды әрекеттерден аулақ болады.

Қаржы мониторингі агенттігі Telegram мессенджерінде "Baiqa, piramida" арнайы чат-ботын әзірледі. Ол азаматтарды қаржы пирамидаларына тартатын алаяқтардың әрекеттерінен өздерін қорғауға көмектеседі.

Сонымен қатар, адам құқықтарын қорғау саласының мамандары көлеңкелі экономикамен күрес туралы ақпарат берді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілі Серік Мизанбеков жастарды құқықтық сауаттылыққа шақырып, құқықтарын қорғау туралы кеңес берді.

Шараны ұйымдастырушылар ұсынылған ақпарат студенттерге дұрыс шешім қабылдауға және ойындарға тәуелділіктен аулақ болуға көмектеседі деп сенеді. Осындай кездесулер жыл соңына дейін жалғаса бермек.