Аймақ басшысы Ермек Көшербаев облыс орталығындағы бірнеше нысанды аралады. Өңір әкімі алдымен Потанин көшесіндегі абаттандырылған аллеяға, кейін Үлбі өзені жағалауы мен Шәкәрім даңғылы қиылысында орналасқан жаңа саябаққа барды. Нысандар облыс орталығының инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында салынған.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынған нысандардың маңыздылығына тоқталды. Демалыс аймағы қала тұрғындары мен қонақтарының серуендеп, спортпен шұғылданатын негізгі орнына айналуы керектігін айтты. Аймақ басшысы өскемендіктерді бұл аумақтарды күтіп ұстау жұмыстарына үлес қосуға шақырды.
Аймақ басшысы мұндай қоғамдық демалыс орындары облыстағы аудандарда да болуы керектігін айтты. Себебі, Өскеменде 1978 жылдан бері серуендеуге арналған орынбар салынбаған көрінеді.
Тұрғындар жағы аймақ басшысына облыс орталығындағы абаттандыру жұмыстары сәтті іске асырылғанын айтты. Өз ризашылықтарын да жеткізді.
Өскемен әкімі Жақсылық Омар нысандардың «Таза Қазақстан» акциясы аясында бой көтергенін айтты. Саябақтардан бөлек, облыс орталығында биыл 52 үйдің қасбеті ретке келтірілді. Бұл жұмыс жыл соңына дейін жалғасады.