Биыл Қазақстанның халық жазушысы, кемеңгер тұлға Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл. Қазақты оның ішінде Аралды әлемге танытқан қаламгердің құрметіне Зайсан қаласында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Облыстық мәдениет басқармасы және лингвистика орталығының қолдауымен өткен шараға филолог ғалымдар, тіл дамыту орталықтарының мамандары қатысты.

Қазақ әдебиетінің құдіретін әлемге танымал еткен тұлғалардың бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Халық жазушысының қаламынан шыққан «Курляндия», «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары Арал теңізін бүкіл тағдырымен, проблемасымен әлем оқырманына жеткізді. Конференцияда баяндама жасаған профессор Айымгүл Қамзақызының айтуынша, қаламгер туындыларында адамзатты алаңдатып отырған экология мәселесіне, адалдық пен адамдық қасиеттерге жан-жақты тоқталды. Оның өзектілігін әлі күнге дейін сақтап келген әдебиетке қосқан үлесі зор.

Ғылыми конференцияда филологтар, білікті ұстазадр, тіл дамыту орталықтарының мамандары баяндама оқыды. Ұлт әдебиетіне өшпес із қалдырған аңыз қаламгердің шығармаларын кеңінен насихаттап, болашақ ұрпаққа берер терең тағлымына үңілді. Мұндай тұлғаларды ешқашан ұмытуға да болмайды және іздеу, зерттеу, насихаттау тоқтамауы тиіс. Елін сүйген ерді елі ұмытқан емес. Облыстық мәдениет басқармасы дәне лингвистика орталығының қолдауымен өткен жиын соның бір дәлелі.

Қаламгердің шығармаларына өзіндік талдау жасаған баяндамашылар дүйім жұртты автор туындыларын сан-алуан қырынан қарауға жетелеп, үлкен ой салды. Ал аудандық «Поэзия» жастар театрының жас өрендері көркемсөз оқып өнерлерін ортаға салды. Театр жетекшісі, мәдениет саласының үздігі Алмагүл Төлегенқызы: «Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылығы халық өмірімен терең байланыста жатыр. Өз шығармалары арқылы өмір шындығына тереңдеп барып, оның күрделі жайларын суреттеді», - дейді.

Жазушы туындылары уағында неміс, француз, испан сияқты отыздан астам шет тіліне аударылды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған шаралар мұнымен шектелмейді. Шара соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды. Ал аудан өнерпаздары әннен шашу шашты.