Өскеменде мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған футболдан ІІ республикалық ашық турнир өтіп жатыр. Жасыл алаңда Өскемен, Ақтөбе, Қызылорда қалаларынан келген құрамалар өз ара кім мықтыны анықтайды. Дүбірлі дода қазан айының үшінші жұлдызына дейін жалғасады.

Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған турнир дәстүрлі шараға айналған. Сайысқа 6 команда қатысты. Бұл жай ғана аяқдоп додасы емес. Себебі,мұндай турнир арқылы спортшылар тәжірибе алмасады, шеберлігін шыңдауға да мүмкіндік алады.

Доп додасына жиналған командалар өзара бақ сынасып, жүлделі орындарды сарапқа салады. Қатысушылар тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті. Футбол турнирі жанкүйерлер мен қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен естен кетпес күн сыйлады.

 «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» Осы қағиданы берік ұстанып, еңбегімен, қарапайымдылығымен жалпақ жұртқа кеңінен танылып, ерекше құрметке бөленген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бірі – Бердібек Сапарбаев болды. Шығысқазақстандықтардың оған деген ілтипаты ерекше. 2009-2014 жылдары өңірді басқарған уақытта іскерлігімен, біліктілігімен, тиянақтылығымен ел жадында қалған арда азамат. Бердібек Мәшбекұлы ел есінде жауапты, іс пен сөзге адал, еңбегі ерен азамат ретінде сақталды.

Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған түрнир 3 қазан күні аяқталады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубогтар, дипломдар және қаржылай сыйлықтар табысталды.