Екі ғасыр болды. Черемшанка ауылының құрылғанына 225 жыл толды. Бұл елді мекен ертеде Риддер болысында құрылған алғашқы ауылдардың бірі. Екі ғасырдан асқан ауыл бірнеше дәуірді өткерді. Бір ғана нәрсе өзгеріссіз. Ол – жылдар ағынына ілеспеген ауыл халқының туған жерге деген махаббаты. Айтулы мерекені тұрғындар думандатып атап өтті.

Черемшанка ауылы үшін табиғат ең сұлу мекенді бөліп бергендей. Елді мекенді тау, орман қоршаған. Өлкенің сұлулығы ғасырлар бойы өзгеріссіз сан ұрпақты өзіне баурап келеді. Он сегізінші ғасырдың соңында, нақты айтқанда 1799 жылы бұл жерге ескі дін ұстанушы православ христиандары келіп қоныстанған. Жылдар өтіп елді мекен үлкейе берді. Бірнеше буын ұрпақ осы өлкенің перзенттеріне айналып, берекелі ауыл етті. Ауыл мерейтойын азаматтар көтеріңкі көңілмен, думандатып атап өтті.

Черемшанка ауылының тұрғындары дәстүр мен салтқа берік. Өткенге деген құрметтері ерекше. Әсіресе, фольклорға көп мән береді. Тұрғындардың айтуларынша, мәдени мұрада халықтың басынан өткені, бүгіні мен ертеңі жатыр.

Черемшанка ауылы табиғатымен ғана тамсандырып қоймайды. Жергілікті өнімдерімен туристерді қызықтырады. Ол өнімдерді ауыл адамдары өздері дайындап, саудалайды. Оның ішінде түрлі тосаптар, емдік шөптерден жасалған табиғи дәрілер, бал сияқты пайдалы өнімдер бар. Әр өнімді жасайтын адамның ешкіммен бөліспейтін ерекше құрамы болады. Жасау тәртібін құпия етіп ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді.

Черемшанка – берекелі, мерекелі ауыл. Терең тарихы бар, турист пен кәсіпкерлер үшін таптырмас олжа болатын ерекше мекен.