Облыс орталығындағы жекпе-жек сарайында қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық турнир өтті. Жарысқа 2009-2011 жылы туған жасөспірімдер қатысты. Туринирге даңқты балуанның ұлы Елдос Үшкемпіров арнайы келді.
Балуандар бәсекесіне әйгілі спортшының ұлы Елдос Үшкемпіров пен оның жақын туыстары, достары келді. Елдос Жақсылықұлы жас спортшыларға ақ жол тіледі.
Жарыс 12 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Турнирге қатысушылардың бірі – Алибек Нышанбек. Ол 45 кг салмақ дәрежесінде бақ сынады.
Бәсекенің мақсаты – грек-рим күресін насихаттау. Жарыстың ашылу салтанатына Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов қатысты.
Бозкілем бәсекесіне еліміздің түпкір-түпкірінен 200-ден астам балуан жиналды. Оның ішінде 40-қа жуығы шығыстың намысын қорғайды. Турнир жеңімпаздарына арнайы белбеу мен ақшалай сыйақы берілді.