Қазыналы қарттардың мерекесі Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында кеңінен аталып өтті. Өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімнің бірі ардагер қауымды қонаққа шақырып, салтанатты шара ұйымдастырса, енді бірі көнекөздердің үйлерін аралап қайтты.

Ұлттық ұланның Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімі қамкөңіл қарттарды әсте естен шығарған емес. Мереке аясында жасамыс жандар концерттік бағдарлама тамашалап, ұландықтар өнеріне тәнті болды. Әскери бөлім клубында өткен тағылымды кешке «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев қатысты. Ол мереке иелеріне мадақтама қағаздарын ұсынып, алдыңғы толқынға айтар алғысы шексіз екендігін жеткізді.

Ұйымдастырушылар күні кеше 90 жасқа толған ардагер Иван Гагаринге ерекше ықылас танытты. Құқықтық тәртіп әскеріне саналы ғұмырының қырық жылын арнаған зейнеткерді туған қызымен бірге сахна төріне шығарды.

Ал 3477 әскери бөлімі 102 жасты еңсеруге шақ қалған соғыс ардагері Анастасия Светочеваны құттықтады. «Отан соғысы» орденінің бірінші дәрежелі кавалері майданда байланысшы болған. Бір ғасырдан астам уақыт жасаған кейуананың қимылы ширақ, әлі де тың. Өздігінен тамақ пісіріп, бау- бақшасына қарайды. Әскери бөлім командирі егде жанға әкелген сыйлықтарын табыс етіп, мол бақыт тіледі. Үй ауласында өнерпаздар әннен шашу шашып, ардагерге ерекше сезім сыйлады.

 «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында 1047 әскери ардагер бар. Ұландықтар мереке күні қарттарға көмек көрсетіп қана қоймай, олардың күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, өнегелі өсиеттерін тыңдап қайтты.