Аймақтағы «Жасыл ел» жастары еңбек маусымын аяқтады. Оған аудандар мен қалалардағы штаб жетекшілері мен белсенді өкілдері қатысты. Табиғат жанашырлары биыл атқарған жұмыстарды қортындылап, бірнеше аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады.

Биыл «Жасыл ел» қатарында 1021 жас еңбек етті. Олар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырылған әлеуметтік және экологиялық жобаларға қатысты. Ауыл, қала, ауданда өткен шара шеңберінде бекітілген аумақты күл-қоқыстан тазартты.

Қорытынды жиында үздік аудан болып – Катонқарағай танылды, үздік қала – Өскемен, үздік жасақ – Шемонаиха ауданы, үздік штаб – Глубокое, үздік жұмыс беруші номинациясы – Алтай ауданына бұйырды. Номинация жеңімпазы атанған Алтайда биыл 200 адам жұмыспен қамтылған. Марапаттау шарасында еңбек жасағының тарихынан сыр шертетін фотокөрме ұйымдастырылды.