Қазан айының алғашқы мерекесі - қарттар күнін әлеуметтік сала қызметкерлері назардан тыс қалдырмады. Талай жыл еңбек атқарып, өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан жандарды құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп қайтты.
Шаезанд Жүрбаев 10 жыл уақыт көлемінде шаруашылық мекемелерінде еңбекақы төлеу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. 2011 жылы еңбек демалысына шыққан ол бүгінде 2 ұлдан тараған немеренің қызығын көріп отыр.
Еңбек еткен жылдарында жұмысшылардың еңбекақыларын төлеу кезінде біршама түйінді тарқатқан зейнеткер талай жанның алғысына бөленген.
Ал, 77 жастағы Зора Мұқашқызы 1982 жылы облыстық әлеуметтік қорғау басқармасына бас бухгалтер лауазымына жұмысқа тұрады. Осы қызметте 25 жылдан астам жұмыс істеп, 2006 жылы лайықты еңбек демалысқа шығады.
Зора Мұқашқызы жұмыс істеген жылдары зейнетақы мен жәрдемақы төлеу және есептеу жөніндегі мемлекеттік орталық құруға ат салысқан. Қазір қария екі қыздан тараған 5 немеренің сүйікті әжесі.
Қарттарға қамқорлық жасау елдегі әлеуметтік саланың негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан, бұл мереке қамкөңіл жандардың көңілдерін көтеріп қайтуға себепші болды.