Өскеменде «Oskemen Open-2024» халықаралық шахмат турнирі басталды. 9 күнге созылатын сайыста әйгілі гроссмейстерлер мен халықаралық дәрежедегі шеберлер өзара кім мықтыны анықтайды. Спортшылар 15 мемлекеттен жиналған. Шахмат додасы швейцариялық жүйе бойынша өтеді. Турнирдің ашылу салтанатында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов сөз сөйлеп, сайыстың шымылдығын ашты.
Қатысушылар деңгейлеріне байланысты екі санатқа бөлінген. «Open» және «Masters». Әр қатысушы он кездесу өткізеді. «Open» санаты бойынша 74, «Masters»-те 120 қатысушы сынға түседі. Мануэль Петросян бұл додаға Армениядан келген. Бұл спортқа деген қызығушылығы 4 жасында басталғанын айтады.
Елде шахмат спорты қарқынды дамып келеді. Бұған дәлел, жылда ұйымдастырылатын сайысқа қатысушылар санының артуы.
Облыс орталығында өтіп жатқан турнирге кіл мықтылар жиналған. Ойыншылар арасында осалы жоқ дейді, шараны ұйымдастырушылар.
«Oskemen Open-2024» турнирі ел кубогының 2-ші кезеңі. Бірінші кезең – Ақтөбеде өтті. Ал кезекті сайыс Павлодарда ұйымдастырылмақ. Шешуші кезеңде спортшыларды қараша айында Алматы қаласы қабылдайды.