Облыстық драма және оперетта театрында көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған отызыншы фестиваль басталды. Өнер додасына еліміздің түкпір-түкпірінен он театр қатысып жатыр. Ашылу салтанатына Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов сынды театр және кино майталмандары қатысып,өнердегі ізбасарларына сәттілік тіледі.
Фестиваль шымылдығын Павлодарлық ұжым ашты. Қазақ музыка театры Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі «Менің атым – Қожа» қойылымын көрермен назарына ұсынды. Өнерсүйер қауым алдағы бес күн «Қайдасың, Гауһар», «Қар қызы», «Болмаған балалық шақ» сынды туындыларды тамашалайды.
Қойылымға дейін Асанәлі Әшімов бастаған театр мен кино майталмандары Өскеменге қатысты естеліктерімен бөлісіп, театрлардың қазіргі жағдайын әңгімеледі. Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі ӘшімовМұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің әңгімелері, Оралхан Бөкей, Асқар Сүлейменовтей қаламгерлер жазған туындылар халық жүрегінен ойып тұрып орын алары сөзссіз,деген пікірде.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ШҚО әкімдігі, өңірдің мәдениет басқармасының қолдауымен басталған Қазақстан драма театрларының 30-шы республикалық фестивалі 5 қазанға дейін жалғасады.