Шемонаиха ауданындағы «Уба» шипажайында жыл сайын бес мыңға жуық зейнеткер ем-дом шараларын қабылдайды. Жыл басынан бері мұнда үш жарым мың зейнеткер денсаулығын түзеп, демалып қайтты. Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай өңір аудандары мен қалаларының белсенді қарттары бас қосып, мерекелік шаралардың куәгері болды.
Шемонаиха ауданы Выдриха ауылындағы «Уба» шипажайы бір мезетте 200 адамды қабылдауға қауқарлы. Жолдама арқылы келген зейнеткерлер 14 күн бойы түрлі-ем шараларын қабылдайды, сайыстарға қатысып, уақыттарын көңілді өткізеді.
Фарида Тауданбекова Алтай ауданының тұрғыны. Белсенді зейнеткер ауданда, облыста өтетін түрлі шаралардан қалыс қалмайды. Жастарға айтары да үйретері де мол қазыналы қариялардың бірі.
Бұл күні сонымен қатар әр ауданның намысын арқалап келген жас келіндер өз өнерлерін ортаға салды. Өзара сайысқа түсіп, бақ сынасты. Мерекелік шараға арнайы келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов келіндердің жұмысын көріп, шипажайды аралады. Ақ дастархан басында бас қосқан қарттармен тілдесіп, ізгі тілегін жеткізді.
Әр жерден келген қарттар өздеріне көрсетілген құрметпен қошеметке ризашылықтарын білдірді. Еңбегі еленген Зайсан, Шемонаиха, Үлкен Нарын және Глубокое аудандарының ардагерлер кеңесінің төрағалары марапаттады. Қарттар күніне арналған шарада облыс өнерпаздары өнер көрсетті.