Ұлан ауданындағы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу бағытында жұмыс істейді. Бүгінде орталықта білікті, шығармашыл жандар еңбек етуде. Сондай педагогтың бірі – дефектолог Нұргүл Кәбиева. Арнайы және инклюзивті білім беру ісінде үздік атанған жаңашыл педагог туралы келесі бейнематериалда.
Нұргүл Кәбиева балалардың танымдық қабілеттерін дамытуға арналған «Шатасқан әріптер» ойынын ойлап тапқан. Былтыр әлеуметтік педагогтер арасында өткен республикалық байқауда жеңіске жетіп, «Үздік сабақ» номинациясының 1 дәрежелі диплом иегері атанды. Білікті маманның жасап шыққан әдістемесі балалардың танымдық қабілеттерін дамытуда оң нәтижесін беруде.
Қасым Қайсенов кентінің тұрғыны Аяулым Сыранова ұлын үш жасынан бастап осы орталыққа әкеледі. Айтуынша баласы жақсы нәтижеге қол жеткізіп, қуантуда. Ата-ана дефектолог маманға оң бағасын беріп, білікті маман екендігін жеткізді.
Облыстық білім басқармасына қарасты аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті 2004 жылы ашылған. Орталықта психолог, дефектолог, логопед, емдік денешынықтыру мамандары қызмет етеді.
Педагог Нұргүл Кәбиева ерекше балаларды оңалтуда инновациялық технологияны да шебер пайдалануда. Шығармашыл, жаңашыл мұғалім алдағы уақытта да өзіндік жұмыс істеу тәжірибесімен әріптестерімен бөліспек.