Көпшілік үшін саяси науқан мереке. Арасында бір-бірін мерекеңмен деп құттықтап жатқандар да бар. Референдум учаскелерінде ерекше көңіл-күйдің лебі еседі. Ал дауыс беру орындарында мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай жағдай жасалған?
Бірінші топтағы мүгедектігі бар Денис Ишунин өз дауысын учаскеге келіп берді. Ол осыған дейінгі саяси науқандардың бірінен қалған емес. «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үйден де дауыс бере алады. Алайда, мен келіп дауыс беруді жөн көрдім. Себебі, референдумдағы әрбір дауыстың келешек үшін маңызы зор» , - дейді қала тұрғыны.
Қаладағы №35 орта мектептегі №25 учаскеде 2180 дауыс беруші тіркелген. Референдум учаскелерінде азаматтарға қолайлы, жан-жақты жағдай жасалған. Дауыс беретін орындар барлық талаптарға сай жабдықталған. Дауыс жәшіктері, учаскенің нөмірі жазылған, белгілер ілінген. Ерекше қажеттілігі бар жандар үшін қолайлылық та ескеріліп, олардың кедергісіз кіріп-шығуы үшін пандус орнатылған. Олар үшін арнайы кабиналар жасақталған. Өздігінен келіп дауыс бере алмайтындарға комиссия мүшелері көшпелі дауыс беру жәшіктерін апарады.
Дауыс беруге келген ерекше азаматтар ешқандай қиындыққа тап болмайды. Олардың референдум учаскесіне келіп, таңдау жасауына кедергі жоқ. Сондай-ақ, барлығына дәмді бауырсақ пен ыстық шай таратылып, ерекше әсер қалдыруда.