Облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерге 26 қыркүйектен бастап жылу берілді. Барлық әлеуметтік нысандар толықтай қамтылды. Жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстары 99 пайызға аяқталды. Бұл жұмыстар қазан айының 20-на дейін толық бітуі тиіс. Ал Риддер ЖЭО-дағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Қазандықтар мен жылу желілері толық іске қосылды. Ол туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов айтты.

Басқарма басшысы жылыту мауысымына аудандардың дайындығын да пысықтады. Мәселен, Үлкен Нарын, Глубокое, Зайсан, Алтай аудандары мен Серебрянск қаласында қосалқы қазандықтар бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Ол жылыту маусымын бастауға еш кедергі келтірмейтін жанама жұмыстар. Сондықтан аймақ бұл кезеңге сақадай сай. Тек Өскемен қаласында биыл 12,9 шақырым жылу желілері қайта жөнделген. Өткен жылмен салыстырғанда жөндеу жұмыстарының жұмысы екі есе көп.

Алдағы уақытта жылу көздерінің тапшылығын болдырмау мақсатында жаңа электр орталығын салу жоспарда бар. Бұл орталық жылу қуатының тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Жыл өткен сайын қала аумағы үлкейіп, жаңа үйлер бой түзеуде. Сондықтан өткен жылы «Өскемен жылу желілері» АҚ №2 қазандықты кеңейту бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірледі. Ал «Өскемен ЖЭО» ЖШС 16-шы қазандық агрегатын салуға инвестициялық келісімге қол қойды. Бұдан бөлек, болашақта су желілерін, яғни, су жүйесін автоматтандыру бойынша жоба пысықталуда..

Басқарма басшысы 2025 жылы өңір халқы таза ауыз сумен қамтылатындығын жеткізді. Осы мақсатта бірқатар жобалар қолға алынып, кейбірі аяқталуға жақын. Мәселен, Ұлан ауданы Отрадное және Асубұлақ ауылдарында сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы басталса, Бозанбай ауылындағы сумен жабдықтау желілерін жаңартудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлеуде.