«АЭС салу жөніндегі Референдум азаматтардың түсінігін кеңейтіп, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға ықпал етті. Елдің саяси өміріндегі маңызды кезең болды». Облыстағы қоғамдық ұйым өкілдері, энергетика саласы мамандары осылай деп пікір білдірді.
«Референдум Қазақстанның әр азаматына атом энергетикасын дамытуға қатысты өз пікірін білдіруге мүмкіндік болды». Шығыс Қазақстан облысының Азаматтық альянсының төрағасы Аяужан Әшімова осылай дейді. Оның айтуынша, халықтың таңдау алдында мол мағлұмат жинап, мәліметтермен танысуға бір жыл уақыты болғаны аса маңызды болды. Әлбетте, түсіндіру жұмыстары мен азаматтарды ақпараттандыруға ерекше көңіл бөлінді. Бастысы референдум «мемлекет» және «халық» қағидаттарын берік байланыстырды.
«Ecojer» облыстық филиалының басшысы Елена Березинская-Абилова да өткізілген референдум туралы оң пікір білдіріп, оның бүкіл ел үшін маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, дауыс беру процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындар белсенділік көрсетті.
Энергетика саласының белді сарапшысы Айбек Ақаев та оң көзқараста. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, мұндай үлкен істің жан-жақты талқыланып барып біткені өте дұрыс.
Естеріңізге сала кетейік, Орталық референдум комиссиясы жариялаған алдын ала деректерге сәйкес, таңдау жасаған азаматтардың 70%-дан астамы атом электр станциясының құрылысын «қолдап» дауыс берген. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны 7 миллион 820 мың 204 адам болды.