9 айда өңір кәсіпорындарында 70 жазатайым оқиға тіркелді. Мұндай мәліметті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Бақытбек Қизатов брифинг барысында айтты. Бұдан бөлек, өндірісте орын алатын түрлі жазатайым оқиғалардың алдын алу, еңбек қатынастарын реттеу, жұмысшылар алдындағы жалақы берешегін төмендету және еңбек қауіпсіздігін күшейту бойынша департамент тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталды.
Биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары жеке және заңды тұлғалардың 1460 өтінішін қарады. Еңбек қатынастары саласында 321 тексеру жүргізілді. Оның басым бөлігі жоспардан тыс тексерулер. Департамент басшысы Бақытбек Құрманбекұлының айтуынша жыл басынан бері 76 адам жұмыста әртүрлі ауырлықтағы жарақат алған. Өндірістік жарақаттардың алдын алу үшін облыстағы 14 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы жүзеге асырылды. 17 кәсіпорын шарттық қатынастар шеңберінде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша тапсырыс берушіден мердігерге дейінгі бақылаудың сатылы моделін енгізді.
Жалпы, жыл басынан бері мемлекеттік инспекторлар облыстағы 39 кәсіпорында 532 қызметкерге 327,1 миллион теңгенің жалақы берешегін анықтады. Қазан айында осы берешектің 262,3 миллион теңгесі жабылды.
Сонымен қатар мемлекеттік еңбек инспекторлары зиянды ортада еңбек ететін қызметкерлердің еңбек кітапшасын цифрландыру және электронды еңбек шарттарын HR Enbek жүйесіне тіркеу жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.