10-14 қазан аралығында аймақта «Шығыс салбұрыны-2024» халықаралық фестивалі өтеді. Додаға Моңғолия, Қытай, Мажарстан, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясының құсбегілері қатысады. Шараны ұйымдастырушылар бүркітшілер тойына 5000-ға жуық турист келеді деп отыр.
Ұлттық өнерді насихаттаған фестиваль Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылында өтеді. Бүркіт төбеге 20 киіз үй тігіледі. Осы жолы халықаралық додаға қызығушылық танытқандар көп. Сондықтан туристерді қарсы алуға дайындық жоғары.
Биылғы сайыста 80 бүркіт пен 30 сұңқар және 30 тазы додаға түседі. Өнер фестиваліне бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы да қатысады.
Халықаралық фестивалдің ақтық сыны 13-14 қазанда өтеді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кубок, медальмен қоса қаржылай сыйақы да табысталады.