Елде интернет алаяқтықтың саны артқан. Осылайша ақпараттық технология жетістігін теріс мақсатқа пайдаланып, қараша халықтың қалтасына түсетіндер көбейген.Тәртіп сақшылары ұсынған мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері өңірде қылмыстың осы түріне қатысты 700-ден астам іс анықталған. Әлеуметтік желіні жайлаған алаяқтар көпшілікті, аз қаржы салып еселеп пайда табуға болатын жалған ұсыныстарымен тұзаққа түсірген. Ішкі істер органдары интернет алаяқтыққа қарсы қандай іс-шараларды қолға алуда? Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін не істеу қажет? Ел-жұрт неліктен қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтай бермейді?
Ал облыс көлемінде алаяқтардың арбауына түскен 700-ден астам азаматтан арыз түскен. Қазіргі уақытта интернет арқылы алдау-арбау әдісі түрленген дейді құқық қорғау органдарының өкілдері. Тәртіп сақшылары тұрғындардың сақ болып, күмәнді қоңырау мен хабарламаларға алданып қалмау үшін ақпаратты нақтылауды ескертеді. Алаяқтар ұялы телефондағы түрлі мессенджерлер арқылы өңір тұрғынына жалған мәліметтер мен банк қосымшаларына сілтемелерді жіберіп сендірген.
«SIM-картаңыздың жарамдылық мерзімі жақын арада аяқталады». Қаскөйлер аймақ тұрғындарына осы ақпаратты жеткізу үшін қоңырау шалған.Бұл да алаяқтықтың жаңа түрі.
Заң бұзушылыққа жол берген азаматтың қылмыстық әрекеті расталған жағдайда, 3 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алайда жымысқы әрекеттерді анықтау оңай болмай тұр. Себебі, әлеуметтік желіде бәрі ашық. Халық жарнама, тауарлар мен қызметтерді көп қарайды. Алаяқтар осы жағдайды ұтымды пайдаланады. Сауатты сөйлеп, адамды шатастырады. Сондықтан, полицейлер ұялы телефоныңызға белгісіз нөмір қоңырау шалса құпиясөзді, картаның нөмірін, CVV/CVC-кодтар мен операцияны растау SMS-ін ешкімге айтпауға шақырады. Олар ұсынған мобильді қосымшаны да орнатпау қажет.