Жүйке және қозғалыс-тірек жүйесінде ауытқулары бар балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде әлеуметтік қолдау мен сауықтыру тақырыбына арналған семинар өтуде. Төрт күн бойы семинар аясында балалардың жағдайы бақыланып, оларға кешенді сипаттағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұйымдастыру бойынша ұсыныстар беріледі.

Аталмыш семинар «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қаржылық қолдауымен өтуде. Алматыдан келген «Кеңес» орталығының мамандары мекеменің қызметкерлеріне кешенді сипаттағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұйымдастыру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Семинарда қызмет алушылардың жай-күйін және анықталған жеке қажеттіліктерін бағалау арқылы, жаңа ғылыми негізделген психо-түзету және нейро-когнитивтік тәсілдерді пайдаланудың маңыздылығы түсіндіріледі.

Бүгінде медициналық-әлеуметтік мекемеде 143 бала бар. Оның барлығы күндізгі емдеу шараларына келіп тұрады. Аталмыш семинар ата-аналар мен мекеме мамандарына тірек-қозғалыс және психоневрологиялық ауытқушылықтары бар балаларды емдеуде қажетті әдістерді біліп-үйренуге мүмкіндік береді.

"Кеңес" орталығының қызмет алушыларының клиникалық, психологиялық-педагогикалық ерекшеліктерін теориялық және практикалық зерттеу қызмет алушылармен тіпті ең ауыр жағдайда да кешенді жұмыс істеу қажеттілігін растады. Кешенді жұмыстың түпкі нәтижесі баланың әлеуметтік бейімделуіне, әлеуметтенуіне көмегін тигізері анық.