Өңірдегі «Ана үйі» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Отбасы - бала үшін ең жайлы орта» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Семинар барысында «Кәсіби қабылдаушы отбасы» институтын енгізу жайы қаралды. Әлемдік тәжірибе негізінде іске асқан жобаның мақсаты – аймақтағы балалар үйінің санын қысқарту.

Қазіргі таңда елімізде 4000-нан астам бала ата-ана қамқорлығынсыз қалған. Олардың басым көпшілігі жасөспірімдер мен ерекше күтімді қажет ететіндер.

Жоба аясында баланы қабылдаушы отбасыға ай сайын 70 АЕК қаржы төленеді. Қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі мамандарының мақсаты балаларды отбасына орналастыру.

Кәсіби қабылдаушы отбасы мен асырап алушылардың басты айырмашылығы – ата-ана қарауынсыз қалған бала жетімдер үйіне жіберілмей, бірден осы жанұяға беріледі. Бұл өз кезегінде баланың психологиясына оң әсер етеді. Ауылдық жерде балғындар көбіне патронаттық тәрбиеге беріледі. Күршім ауданында бүгінде 22 бала қорғаншылықта.

Шара соңында қатысушылар балалардың құқығын қорғау, оларды тәрбиеге беру жолдарын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Кәсіби қабылдаушы отбасы институты алдағы уақытта өз жемісін береді, дейді жиынды ұйымдастырушылар. Ал заң жобасы қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының қарауында.