Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентінде Қазақ Совет Социалистік Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мэлс Наримановты еске алуға арналған дәстүрлі VIІІ республикалық турнир өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде елдің түкпір-түкпірінен келген 2009, 2010, 2011 жылы туған жасөспірімдер өзара мықтыны анықтады.
Мэлс Наримановтың есімі көпшілікке жақсы таныс. Еркін күреспен шұғылданып, КСРО спорт шебері атанған, республикалық, облыстық жарыстарда сан мәрте топ жарған арда азамат. Ұлан ауданында көкпар ойынының негізін қалаушы. Мэлс Нариманов бастаған құрама команда 10 рет қатарынан ауылдық спорт ойындарында жеңіске жеткен. Осы команда Қазақстандағы ең мықты алғашқы бестіктер қатарына кірді. Ол өзінің еңбекқорлығымен, мақсатқа және спортқа деген жігерлігімен жерлестерінің мәңгі есінде.
Сонымен қатар, сегіз қырлы, бір сырлы Мэлс Нариманов Шығыс Қазақстан облысында ат спорты түрлерінің федерациясын құрған. Оның өңірдегі ұлттық спорт түрлерін дамытуда қосқан үлесі өлшеусіз. Мектеп оқушылары арасында еркін күрестен өткен республикалық жарысқа 13 командадан 128 спортшы қатысты. Турнирде Ұлан, Глубокое, Зайсан, Тарбағатай, Үлкен Нарын, Марқакөл аудандары мен Семей, Риддер, Өскемен қалаларының балуандары жеке салмақтарда алғашқы үш орынды бөлісті.
Мэлс Наримановтың рухына арнап, жерлестері ас берді.Ұлан ауданының жастарын тек күрес емес, волейбол, футболға, әсіресе, ұлттық спорт түрлеріне баулыған азаматты достары, әріптестері, шәкірттері ұмытпаған екен.