Өскеменде Маңғыстау облысының суретшілері мен қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Шара аясында 30-дан астам шебердің туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Ресми ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты.

Көрме ұлттық құндылықтарды насихаттап, мәдени мұраны жаңғыртуды мақсат етеді. Маңғыстаулық сәнгерлер мен зергерлер қызыл кілемде өз бұйымдарының көрсетілімін өткізді.

Шара аясында көрермен қауым Маңғыстаулық шеберлердің бұйымдарын тамашалап қана қоймай, өздеріне ұнағанын сатып алды. Жәрмеңкеге арнайы келген қонақтардың қатарында бүркітші қыз Айшолпан да бар.

Көрмеде танымал «Тарбия» сән үйі ұлттық киімдерді заманауи нақышта ұсынып, көпшіліктің қызығушылығын оятты.

Шараның мақсаты – ұлттық өнерді дамыту, одан әрі жандандыру.

Өскеменнен кейін маңғыстаулықтар Павлодар облысына аттанады. Аталған шара өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған.