2016 жылғы Рио Олимпиадасы көптің есінде қалды. Әсіресе, отандасымыз Дмитрий Баландин cуда жүзуден алтын алып, айды аспанға шығарған еді. Содан кейін мұндай ірі жеңіс тіркелген жоқ. Дегенмен, бұл үмітті ендігі жастар сыйлап отыр. Мәселен, Самар ауылы алдағы бес-он жылда отандық суда жүзу спортына жаңа жұлдыздарды әкеледі деген сенім зор. Аудандағы бассейн кешені жас ұрпақты спортқа баулып, денсаулықтарын арттырып, шынықтыруда сеп.
Суда жүзудің адам ағзасына пайдасы зор. Мұны бапкерлер де, балалар мен олардың ата-аналары да жақсы біледі. Жүзу кезінде адамның барлық бұлшық еті жұмыс істейді. Себебі, бәрі бір уақытта сіздің су бетінде қалуыңыз үшін қызмет етеді. Аудан орталығындағы бұл бассейн 2020 жылдан бері ел игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Мұндағы жаттықтырушылар әр баланың денсаулығын жіті тексеріп, шама-шарқына аса мән береді. Нөлден бастап дайындаймыз, дейді. Айналдырған екі-үш жылда жеткен жетістіктер мол.
Ауыл баласы үшін суда жүзу спорты таңсық екені рас. Әдетте, күрес, бокс, волейбол секциялары көп. Бірақ, Самарда суда жүзу де осы бассейн арқасында жақсы дамыған. Спорт секциясына қатысушылар бекітілген кестеге сай апта сайын жаттығу өткізеді. Солардың қатарында Жасмина Репина бар. Төртінші сынып оқушысы ата-анасы мен жаттықтырушыларының үмітін ақтап келеді.
Жеңіс тұғырына көтеріліп аудан намысын қорғап жүргендер ішінде Нұрәли Қарақат та бар. Екі жылда көрсеткен нәтижесі көңіл қуантады.
Ауданның атын шығарып, спортта беделін биік көтеріп жүрген өрендердің дені аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері. Ауданда 500-ден аса бала спортпен шұғылданады екен. Мектеп директоры Жандос Серіковтың айтуынша, самарлық жастар ешқашан спорттық жарыстардан жүлдесіз қайтқан емес.
Спорт – тұлғалық даму мен ерік-жігерді берік етуге сеп. Ал, ең бастысы – жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып, жақсы әдеттерді қалыптастыруда маңызы зор.