Самар ауданының әлеуметтік-экономикалық даму индикаторы оң көрсеткішті көрсетеді. Бұған сүбелі үлес қосып отырған кәсіпкерлер. Өңірдегі жетекші саланың бірі өнеркәсіп. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі. Бұл ретте аудан орталығындағы «Дигам» ЖШС жұмысын атап өткен жөн.
Самар ауылындағы бұл балық өңдеу цехы 2003 жылдың желтоқсанында ашылған. 11 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп, аудан, өңір экономикасына өзіндік пайдасын әкеліп жатыр. Мұнда әкелінетін балық жергілікті Зайсан, Бұқтырма сияқты су қоймаларымен қатар республиканың өзге аймақтарынан да жеткізіледі. Цех барлық талапқа сай мұздатылып әкелінген балықты жібітіп, тазалап, сұрпы етін бөліп, дүкендер үшін қаптаумен айналысады. Балықтың төрт түрі өңделеді. Көксерке, шортан, алабұға, табан балықтары халыққа ұсынылады.
Жалпы, цехтың өндірістік қуаттылығы бір ауысымда 4 тонна балық етін өңдеуге жоспарланған. Дегенмен, қазіргі кезде кадр тапшылығы сынды өзге де мәселеге байланысты жұмыс көлемін ықшамдап отыр. Алайда, бұл жерден шығарылатын тауар үзілген жоқ. Оған осы жердің жұмысына жауапты, адал қызметкерлері сеп. Соның бірі Жанасыл Меңкенова. 13 жыл бойы цехта еңбек етіп келеді. Міндеті – сұрпы етті салмағына қарай бөліп, мұз салынған қораптарға тастау.
Цех барлық талаптарға сай қызмет етеді. Өйткені, шығарылатын өнім тұтынушының алдына баратын тағам. Сондықтан, тазалық, сақтық бірінші орында. Бір айта кетерлігі бұл жер балықты қалдықсыз өңдейді. Балықтан сұрпы еті, өзге де мүшелері сылынып алынса да қалғаны кәдеге жарайды. Қаңқасы, желбезегі, жүзбеқанаттары тартылып, ауыл шаруашылығында қолданылатын балық ұны жасалады.