Республиканың экономикалық әлеуетінің өсімі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуымен тікелей байланысты. Бұл ретте облыста барлық қажетті инфрақұрылым әзірленіп, мемлекеттік қолдау механизмі жүйеге келтірілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ольга Григорьева мәлімдеді.
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы негізінде ел Үкіметі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау кешенді бағдарламасын әзірлеген. Ол «Бизнестің Жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген. Басым бағыт – импорт алмастырушы және экспортқа бағытталған салалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен жаңа жұмыс орындарын ашу. Осының негізінде жауапты облыстық басқарма несие бойынша субсидиялау, мемлекеттік гранттарды беру, кәсіпкерлік инфрақұрылымға қолайлы жағдай жасау міндеттерін атқарған.
Сонымен қатар, ШОБ-тың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемінің де өскені байқалды. Ол 326,1 миллиард теңгеге жетіп, 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 31%-ға артқан. Бұл секторда өнім шығару көлемінің де өсімі тіркелген. Өнімнің нақты көлем индексі 105,6%-ға жетіп, өндіріс саласындағы нақты өсімді көрсетіп отыр, делінді брифингте.