Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат таяуда мемлекеттік наградалармен марапатталған еді. Құрметке ие болғандардың қатарында жерлесіміз, ҚР Ұлттық Ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №3477 әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Денис Шемет бар. Ол оқу-жаттығу алаңында ерлігімен көзге түскен.
Денис Шемет ¬– Қостанай қаласының тумасы. Ұлттық ұлан қатарына 2004 жылы қосылған. Ол №3477 әскери бөлімінде 2022 жылдан қызмет етіп келеді. Денис Шемет осы уақыт аралағында тек жақсы қырларымен танылған әскери қызметкер. Ол оқу-жаттығу алаңында ерлігімен көзге түсіп,сарбаздың өмірін арашалап қалған. Алаңда сарбаз лақтырған граната жертаса маңына түсіп, төмен қарай зырғып кетеді. Сол мезетте Денис Шемет гранатаны аяғымен теуіп жіберіп, жауынгерді денесімен жауып, жата қалады. Мерзімді әскери қызметші аман қалған. Ал офицердің денесіне граната жарықшақтары кіріп, ота жасалды. Бір адамның өмірін ажалдан аман алып қалған офицер Президент жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері атанды. Әскери қызметкерге алғыс хатты Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов табыс етті.
Денис Шеметке жұбайы үнемі қолдау білдіріп, әрдайым жанынан табылады. Жас отбасының Глеб және Кира атты балалары бар. Жолдасымның жасаған ерен ерлігі көпке үлгі, дейді Анастасия Шемет.
Шараға арнайы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ардагерлер кеңесінің төрағасы Айдар Оразбаев келіп ізгі тілегін білдірді. Денис Шемет пен отбасын әріптестері қошеметке бөлеп, шағын мерекелік көңіл-күйге кенелтті.
Бұған дейін осы ерлігі үшін «Казцинк» кәсіпорыны да әскери қызметкерге алғыс білдіріп, 1 миллион теңге табыстаған. Денис Шемет қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен жанқиярлығы мен ерлігі үшін көпке үлгі.