Өскеменде балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорттық фестивалі өтті. Спорттық шараны «AMANAT» партиясының өкілдері «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырған. Жарысқа қатысушылар түрлі эстафеталарда бақ сынады. Әр ауданнан сексенге тарта жасөспірім жиналды.

Спорттық шараның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау. Ерекше қажеттіліктері бар балғындарды қатарластарымен достастырып, жаңа ортаға бейімдеу. Фестивалдің аты айтып тұрғандай «тең мүмкіндік» жасау. Сайысқа атысушылар Өскеменнен бөлек, Катонқарағай, Самар, Марқакөл, Тарбағатай, Алтай, Ұлан және Глубокое аудандарынан келді.

Шараға «AMANAT» партиясынан бөлек, облыстық білім, дене шынықтыру және спорт, мәдениет, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының өкілдері қатысты.

Бұл дода аясында жасөспірімдер бочча спорт түрінен, жеңіл атлетика және эстафета бойынша бақ сынады.

Сайыс жеңімпаздарына арнайы дипломдар және сыйлықтар дайындалған. Бұдан бөлек, үздіктер Астанада өтетін додаға жолдама алады.