Мемлекеттік сатып алу туралы заңына енгізілген жаңашылдықтардың негізгі тетіктері жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік бермек. Бұл ретте тапсырыс беруші мен орындаушы не болмаса тауарды жеткізушіге жүктелген міндет ауқымды. Келер жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін заңның басты артықшылықтарын ҚР Қаржы Вице-министрі Дәурен Кеңбеил облысқа келген сапары аясында жиналғандарға түсіндірді. Жиынға мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, кәсіпкерлер қатысты.
Келер жылы күшіне енетін Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң шағын және орта бизнес өкілдерінің кәсібін дамытуға мүмкіндік береді. Отандық өнімнің қолданыс аясын кеңейтуге жол ашады.Сонымен қатар отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Қаржы министрлігі шағын және орта бизнес субъектілерінен сатып алынатын тауарлардың жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жекелеген тізбесін бекітті. Жиынға келген «Рауан» өндірістік кооперативі жшс басшысы Әлия Адамова маңызды құжаттағы өзгерістер өзі сияқты кәсіп иелерінің ісін ілгерілетуге септігі мол деген ойда.
Мемлекет басшысы қол қойған заңда сатып алу рәсімдері жеңілдетіліп, қысқарту, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, жеткізушілердің жауапкершілігін күшейту және бәсекелестікті дамытуға барынша басымдық берілген. Мемлекеттік сатып алу жүйесін ары қарай автоматтандыруға баса назар аударылған.
Бұдан бөлек маңызды құжатта шағымдарды қарау тетігі жаңартылды. Енді шағымдарды сатып алуды ұйымдастырушының өзі тікелей қарайтын болады.
Мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық мониторинг жүргізу тетігі енгізілді. Бірыңғай сатып алу платформасы іске қосылды. Осы жұмыстардың барлығы экономиканың дамуына серпін беріп, жұмысты жүйелеуге мүмүкіндік береді.
Жиын соңында жиналғандар вице-министрге өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Жауапты ведомство өкілі қойылған сұрақтарға жауап беріп, кейбір ұсыныстарды өзіне түртіп алды.