Аймақтағы барлық аудандардың атсалысуымен жүзеге асырылып жатқан «Туған жер - алтын бесігім» жобасы өз жалғасын табуда. Бұл жолы Өскеменде Шемонаиха ауданының мәдени күндері өтті. Шараға облыс әкімі Ермек Көшербаевта барып, өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Шемонаихалық өнерпаздардың көрмесі мен гала-концертін облыс әкімі Ермек Көшербаев тамашалап қайтты. Әкім өзінің алғысын білдіріп, осындай жобалардың өңір мәдениетін дамытудағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Шара көрмеден бастау алды. Көрмеде өндіріс орындарының жетістіктері, туристік маршруттар мен жергілікті шеберлердің қолөнер туындылары көпшіліктің назарына ұсынылды.

Шемонаиха ауданының символы – Мария жартасына арналған стендке көрермендер ерекше назар аударды.

Шараға келушілерге туристік бағыттар, табиғи ресурстар мен ауданның экономикалық әлеуеті туралы ақпарат айтылды.

Шемонаиха ауданының өнерпаздары әзірлеген гала-концерт жоғарғы деңгейде өтті. Шарада әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармаларымен қатар халық әндері шырқалып, қазақтың күйі шалқыды. Мың бұрала билеген биші балалар қазақ және орыс ұлтының ұлттық билерімен көрермен көңілін көтерді.