Өкпе обыры – ең жиі кездесетін дерттің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әлемде жыл сайын өкпе қатерлі ісігінің шамамен 2,2 миллион жаңа жағдайы тіркеледі. Бұл барлық онкологиялық аурулардың 11,4%-ын құрайды. Жалпы, өңірде өкпе обырының алдын алу бойынша қандай шаралар қолға алынған? Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының мамандары айтып берді.
Елде жыл сайын өкпе қатерлі ісігінің шамамен 3 500 жаңа жағдайы тіркеледі. Биыл 10 айдағы көрсеткіш 229 дерекке жетті. Ал, дертті ерте сатысында анықтау кезінде 65 адамда өкпе аурулары анықталды. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда әлдеқайда артқан. Мамандар ауруды дер кезінде анықтау үшін жыл сайын профилактикалық тексеруден өтуді ұсынады.
Өкпенің қатерлі ісігі өлім-жітім саны бойынша да бірінші орында. Дегенмен, алдын алу және ерте диагностикалау оң нәтиже беруде. Мамандардың айтуынша, өкпе ісігін ерте сатысында анықтау 74 пайызға артқан.
2025 жылдан бастап Қазақстанда қатерлі ісікке қарсы күрестің кешенді жоспарын жүзеге асыру аясында өкпе обырына қарсы скрининг енгізу жоспарлануда. Бұл ұлт денсаулығын жақсартуға арналған маңызды қадам болмақ.