ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иесі, көпбалалы әке Жанасбек Пермабекпен кездесті. Генерал-майор «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінің ефрейторы Жанасбек Пермабекті маусым айында жасаған ерлігі үшін марапаттап, жанұясына алғыс білдірді.
Жанасбек Пермабек биыл маусым айында ерекше ерлігімен көзге түскен. Үлбі өзенінің жағалауында серуендеп жүрген ол, көмек сұраған азаматшаның өмірін арашалап қалған. Әскери қызметшінің жанкешті әрекетінің арқасында қыз өлім аузынан аман қалады. Бұл ерлігі үшін ефрейтор Жанасбек Пермабек Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Енді міне батырдың үйіне Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов арнайы келіп, құттықтап қайтты.
Қайрат Үмбетов батырдың ерлігіне тоқталып, Жанасбек Пермабектей жауынгердің қатарымызда қызмет ететіні үлкен мақтаныш деді.
Жарасбек Пермабек бейбіт күннің батыры болса, жұбайы Айнұр Тұрдыбек үйде төрт бала тәрбиелеп отырған ардақты ана. Күйеуінің ерлігін тек мақтанышпен айтады.
Халық қаһарманы Қайрат Үмбетовте оқу-жаттығу кезінде сарбазды құтқарып, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен болатын. Бейбіт күннің қос батыры қоғамдағы оқиғаларға бей-жай қарамай, жас ұрпақтың бойына Отан сүйгіштіктің жарқын үлгісін дәріптеуде.