Биыл Шығыс Қазақстан облысында АИТВ жұқтырған 305 жағдай тіркелген. Олардың 60%-ы ер адамдардан, 40%-ы әйелдерден анықталған. Бұл туралы облыстық ЖИТС алдын алу және күрес жөніндегі орталығының бас дәрігері Салтанат Фатихова БАҚ өкілдерімен кездесуінде айтты.
Орталық мамандарының айтуынша, бұрын бұл ауру нашақорлардың ортақ ине қолдануынан таралса, соңғы 3-4 жылда көбіне жыныстық жолмен жұғу жиілеп отыр. Сондықтан өңірдің әр 200-ші тұрғыны аталмыш ауруды жұқтыру қаупіне ұшырауы мүмкін.
АИТВ ауруының нақты емі болмаса да, оңалту шаралары арқылы науқастар толыққанды өмір сүре алады. Ал жұқпаны анықтауға арналған тесті екі түрде тапсыруға болады дейді,- мамандар.
Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы тұрғындар арасында ақпараттық кездесулер де өткізіп тұрады. Емі жоқ қауіпті індеттің алдын алу бойынша насихат жұмыстарын жүйелі жүргізуде.