Аймақта төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны қаупі бар аймақтарға аэровизуалды тексеріс жүргізді. Гидротехникалық құрылыстарды пайдаланатын ұйымдардың белгіленген режимдерін бақылауына ерекше назар аударды.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов пен облыстық ТЖД бастығы Рашид Бляловтың қатысуымен Глубокое, Қатонқарағай, Алтай және Үлкен-Нарын аудандарында аэровизуалды тексеріс жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Бұқтырма өзенінің бойында орналасқан елді мекендерге де мониторинг жасалды.

Зерттелген аудандарда су басу қаупі байқалмаған. Су тасқынына қарсы бақылау жұмыстары ары қарай жалғаспақ. Айта кету керек мамандардың айтуынша енді су тасқыны ғарыштан бақылануы мүмкін. Ал шығыс өңірдегі су тасқыны қаупі бар аймақтар аймақ басшысының жіті бақылауында болады.

Аэровизуалды тексеру жұмыстары Марқакөл ауданында да жалғасты. Қара Ертіс өзеніндегі бөгетті нығайту, және Орта Теректі өзенінің қауіпсіздігін тексеру бойынша инженерлік жұмыстар жоспар шеңберінде атқарылды. Қалжыр өзеніндегі жағалауды нығайту, арнаны түзету, тазарту және "Алкым"учаскесіндегі бөгетті күшейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.