Өткен сенбіде игі дәстүрге сай Өскемендегі «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығының аумағында «Туған жер - алтын бесігім!» жобасы аясында Алтай ауданының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге ауданның әр ауылдық округтерінен 30 тоннадан астам өнім әкелінді. Ауданға қарасты 16 ауылдық округтің барлық шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлері және ауыл тұрғындары белсенді атсалысты.

Қыркүйектен бері әр апта сайын ұйымдастырылып келе жатқан жәрмеңкеге келушілердің қарасы көп. Қала тұрғындары мен қонақтары табиғи әрі таза өнімді қала базарларындағы бағадан әлдеқайда арзанға сатып алуда. Жәрмеңкеде сиыр еті 2400, қой еті 2100 теңгеден саудаланды.

Серебрянск қаласында арнайы аумақта алма бағы бар. Дәмі тіл үйіреді. Осы бақтың өнімдері де жәрмеңкеде сатылды.

Ата кәсіпті жалғастырып келе жатқан Сергей Ерышев омарташы. Қазіргі кезде балдың түрлі өнімдерін шығарады. Сапасы да жақсы. Сұраныс та бар.

Жәрмеңкеде балық өнімдері де көп болды. Ермаковка ауылында бұл балықтардың барлық түрі қолдан өсіріледі.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне келген халық қолжетімді бағада күнделікті тұтынатын тауар түрлерін қажеттіліктеріне қарай сатып алды.

Жәрмеңкеге келгендерге аудан өнерпаздары өздерінің ән-шашуларын тарту етті. Түрлі сайыстар ұйымдастырылып, ыстық шай мен бауырсақ таратылды.