Заман ағымына қарай технологиялардың үздіксіз дамуы осы саладағы жаңашылдықтардың күн санап қолданысқа еніп жатқанын аңғаруға болады. Адам қолымен жасалған еңбек түрлерін түрлі роботтар жасайтын деңгейге жеттік. Бұл ретте елде дамып келе жатқан роботехника мен басқарушы пульт көмегі арқылы әуені бағындыратын дрондардың мүмкіндіктері жоғары. Өсмкеменде Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде «Еast Drones and regional first championship» атты республикалық байқауы өтті. Оған елдің өзге аймақтарынан дарынды жастар қатысты.
Ерасыл Мұратхан 10 сынып оқушысы. Робототехникаға бала кезінен қызыққан. Былтырдан бастап, мектеп жанынан ашылған үйірмеге қатысады. Құрылған арнайы команданың мүшесі. Жетістіктері де аз емес. Түрлі байқауларда бақ сынап жүрген ол болашағын осы ІТ саласымен байланыстырмақ ойда.
Бұл жарыста 40 жуық қатысушы бақ сынады. Әртүрлі кезеңнен тұрған тартысты турнир әсіресе шығысқазақстандық жастардың цифрлық сауаттылықтарын арттырып, тәжірибе алмасуларына мүмкіндік берді.
Турнир барысында әр өңірден келген команда мүшелері өздері құрастырған роботтардың мүмкіндіктерін бір-біріне паш етсе, енді бірі жылдамдығы өте жоғары дрондарды ұшырып, кедергілерді еңсерудің тиімді жолдарын көрсетті.
Қорытынды есеп бойынша дрон сайысында қарағандылық Тимофей Муравьев жеңіске жетсе, роботехника саласы бойынша Абай өңірінен келген «region18» командасы үздік деп танылды.