ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова шығысқа келді. Вице-министр сапар барысында облыс қоғамдастығымен кездесу өткізді. Жиында салада атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, жиналғандардың сұрақтарына жауап қатты.
Алдымен Айзада Құрманова министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. 2023 жылы республика бойынша 44 мәдени нысан салынып, 260 ғимарат күрделі жөндеуден өткен. Биыл да бұл шаруа жалғасын тапқан. Министрдің орынбасары өңірдегі шараларды да тілге тиек етті. Мәселен, аймақта үш жылдың ішінде 23 мәдениет нысанына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдық клуб, мұражай салынған. Жиын барысында вице-министр Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен қолға алынған заң жобаларын да айтты.
Бұдан бөлек, вице-министр мәдениет қызметкерлерін қолдау, кітап шығару, фильм түсіру, қоғамдық кеңестердің құрамын жаңарту сияқты сан-саладағы жұмыстарға тоқталды. Іске асатын жобаларды түртіп өтті. Соның бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтуге арналған.
Басқосуға аймақтың белсенді азаматтары, қоғамдық ұйым мүшелері, жастар қатысты. Кездесуде салиқалы әңгіме өрбіп, жиналғандар сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Мәселен, ШҚО Азаматтық Альянсының жетекшісі Аяужан Әшімова өз ұсынысын айтты.
Сонымен қатар, вице-министр кездесуде «Масс-медиа туралы» заң жобасына тоқталды. Еске сала кетейік, бұл құжат журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, БАҚ-ты тіркеу тәртібін өзгерту, саланың өзін-өзі реттеуін дамыту, мемлекеттік қаржыландыруды реформалау сияқты мәселелерді шешуге бағытталған. Жиын соңында вице-министр жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдады.