Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында есірткі саудасы мен нашақорлыққа қарсы күрес бағытында кешенді жұмыс істеу елдің болашағы үшін маңызды екендігін баса айтқан еді. Президент өз сөзінде – «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек» деген болатын. Облыс орталығында осы мақсатта арнайы акция ұйымдастырылды. Оған тәртіп сақшылары, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері және қоғам белсенділері қатысты. Полицейлер есірткі жарнамасы бар 100-ден аса граффитиді жойды. Акцияның мақсаты – есірткі заттары мен есірткі сайттары туралы ақпарат таратуға негізделген граффитилерді, QR кодтар мен жарнамалардың өзге де түрлерін анықтау және оларды жою.
Шара аясында есірткі жарнамасы жазылған тұрғын үй қабырлалары мен қоғамдық орындардағы граффити бояулар жойылды. Сонымен қатар сауда орындарының иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргзіліп, есірткі бизнесіне тартудың ықтимал салдары туралы ескерту ақпараты жазылған анықтамалықтар таратылды.