Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алдағы даму кезеңіне байланысты ел алдына көптеген жаңа міндет қойды. Әсіресе, Президент еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру маңызды екенін айтты. Сондықтан, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл шешім ел экономикасының дамуында жұмысшы мамандықтардың маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Осы мақсатта «Amanat» партиясының облыстық филиалы студенттер арасында кездесу ұйымдастырды.
Жұмысшы мамандықтар – экономиканың негізін құрайтын, елдің өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымын қамтамасыз ететін кәсіптер. Осы мамандардың қажырлы еңбегінің апқасында жаңа нысандар бой көтеріп, энергетика, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салалары қарқынды дамып келеді. «Bir tolqynda» атты ашық диалог алаңына «Өскемен ЖЭО» ЖШС өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау-бақылау қызметінің жетекші инженері Сырым Өмірзақов арнайы келді. Ол «Amanat» партиясы ұйымдастырған республикалық конкурста еңбек адамы «Ыстық қайрат» номинациясын жеңіп алған. Білікті маман өз тәжірибесімен бөлісті.
Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Ал олардың құқығы қорғалса, жұмыстың тиімділігі артады. Бұл тұста кәсіподақ ұйымы жүйелі жұмыс атқарып жатыр.
Ұйымдастырушылардың сөзінше аймақта электрик, құрылысшы, дәнекерлеуші сынды мамандар жетіспейді. Сондықтан биылдан бастап жұмысшы мамандықтарға мемлекеттік тапсырысты көбейту қолға алынған.
Жиын соңында ЖОО-ның студенттері шараны ұйымдастырушыларға сауалдарын қойып, пікір алмасты.