Енді жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханға жазылу «ХҚКО» қосымшасына тіркелу арқылы жүзеге асады. SMS хабарлама қосымшаға тіркелген телефон нөміріне жіберіледі. Бұл жаңашылдық емтихан барысын қатаң бақылауға алу мақсатында енгізіліп отыр.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы аталған өзгерістер азаматтарға қызмет алуды барынша ыңғайлы әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталғанын айтады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «ХҚКО» қосымшасының барлық қолданушысы екі деңгейлі тексерістен өтеді. Алдымен – биометриялық, одан соң 1414 нөмірінен келіп түскен SMS-код арқылы өзінің жеке басын растайды.
Жаңа қызметке алғашқылардың бірі болып Данил Киселев жүгінген. Ол қосымша арқылы ХҚКО-ға бару уақытын брондауға, электронды кезек үшін талон алуға, орталықтың орналасқан мекенжайын анықтауға және өзекті сұрақтарға жауап алуға болатыны тиімді шешім екенін айтады.
Бұған дейін емтиханға жазылу «booking.gov4c.kz» сайты арқылы жүзеге асырылды. Ал жаңа қосымша мемлекеттік қызметтерді кең ауқымда пайдалануға мүмкіндік береді.