Өскемен қаласының шеткері аудандарында электр энергиясының тапшылығы артып отыр. Халық саны жыл санап өсіп келеді, ал ескі трансформаторлар бұл жүктемеге шыдас бермей, жиі істен шығып жатады. Осыған байланысты 23 шағын аудан тұрғындары қала әкіміне шағым айтып, жарық мәселесін ретке келтіруді сұраған болатын.Облыс орталығының басшысы азаматтармен кездесіп, түйіткілдің түйінін тарқатудың нақты қадамдар ұсынды.

23-ші шағын ауданда электр энергиясының тұрақсыздығы тұрғындар үшін ұзақ жылдар бойы өзекті мәселеге айналған. Әсіресе, ауа райы тосын мінез танытқан уақытта жарық жиі сөніп, халықты әбден әбігерге салады.

Мәселені шешу үшін әкімдік мердігер компаниямен келісімге келді. Олқылықтың орнын толтыру жұмыстары қаржы мәселесіне қарамастан уақыт оздырмай басталады.

Бұған дейін Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов сала мамандарымен бірге тұрғындардың үйлерін аралап, жағдаймен жеке танысқан болатын. Шағын аудандардағы жарық мәселесін кезең-кезеңмен шешу жоспарланған.

Облыс орталығының әкімі алдағы сенбіде шеткі шағын аудан тұрғындарымен кездесуді көздеп отыр.