Жұмысшы мамандықтар қоғамда құрметке ие. Олар еңбекқорлықтың, парасаттылық пен жауапкершіліктің үлгісі. «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай Шығыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Білім басқармасымен және Өскемен қаласының көпсалалы технологиялық колледжімен бірлесіп «Жұмысшы мамандықтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты облыстық байқау ұйымдастырды.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде студенттер «Адалдық — табыстың негізі» тақырыбында пікірталас өткізді. Мұнда қатысушылар өздерінің ораторлық шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, табысты мансап пен гүлденген қоғамды қалыптастыру үшін адалдық қасиеттерінің маңыздылығын егжей-тегжейлі түсіндірді. Келесі кезеңде қатысушылар практикалық тапсырмаларға көшті. Кондитерлер «Заң мен тәртіп» деген жазба мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің логотипі жазылған торт әзірледі. Бұл байқау студенттердің кәсіби жетістіктерін көрсету мүмкіндігі ғана емес, сондай-ақ жұмыс орнында позитивті және адал тәжірибені қалыптастырудағы маңызды қадам. Байқауда алты команда бақ сынады.
Іс-шараның қызықты болғаны сонша, студенттер уақыттың қалай өткенін байқамады. Анфиса Суворова колледждің 3-курс студенті. Кондитерлік салада біршама жетістіктерге қол жеткізген. Оның тәлімгері Виктория Клименко да шәкіртін қолдап келіпті.
Қатысушылардың дағдыларын арнайы комиссия 6 критерий бойынша бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындарды Өскемен қаласының көпсалалы технологиялық колледжі, Серебрянск технологиялық колледжі және Глубокое ауданы колледждерінің құрама командасы иеленді. Барлық жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.