Облыс Қазақстанның еңбекке қабілетті аймақтарынан азаматтарды қоныс аударуға ынталандыру бойынша бағдарламаны белсенді жүзеге асырып келеді. 2024 жылы өңірге 512 адам, нақты айтқанда 164 отбасы қоныс аударды. Бұл облыстың кадрлық әлеуетін айтарлықтай нығайтты. Олардың ішінде 229 адам шекаралық аудандарға көшкен. Жаңа тұрғындар негізінен Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарынан, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларынан қоныс аударды.

Бұл туралы ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқарма басшысының орынбасары Динара Қожанова Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында хабарлады. Өткен жылы қоныс аударушыларға 825 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражаттың ішінде 438 отбасы қоныс аударуға субсидия алса, 67 отбасы тұрғын үйді жалға алу үшін өтемақы алған. Сонымен қатар, 86 отбасы тұрғын үй сатып алуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификаттарына ие. Биыл облысқа 641 адамды қоныс аударуға квота бекітілген, оның ішінде 269-ы қандастарға және 372-сі еңбек артықшылығы бар аймақтардан қоныс аударушыларға қарастырылған.