Аймақ басшысы Ермек Көшербаев Марқакөл ауданындағы Орта Теректі су қоймасының қазіргі жағдайымен танысты. Өңірдегі көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын да бақылап қайтты. Іс-сапар барысында аудан орталығындағы күрделі жөндеуден өткен нысандарды да тексерді.

Марқакөл ауданы қары қалың, қысы қатты өңірлердің бірі. Сол себепті мұндағы көктемгі су тасқынын алдын алу шаралары басты назарда. Көктем кезінде су деңгейі күрт көтерілуі мүмкін. Сол себепті аудандағы су қоймаларының техникалық жағдайы өңір басшысының жіті бақылауында. Алдағы уақытта Орта теректі су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оны жүзеге асыру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Бұл мақсатта 53 млн тенге қарастырылған

Облыс әкімі Ермек Көшербаев бейінді сала мамандарымен кездесіп, қар еруі кезіндегі әр азаматқа артылатын жауапкершіліктің жоғары екенін де тілге тиек етті.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері көктемгі су тасқынына сақадай сай екендерін айтады. Төтенше жағдайдың алдын алуға арналған жұмыстар қарқынды, дейді мамандар.

Бұдан бөлек өңір басшысы аудан орталығындағы күрделі жөндеуден өткен нысандарға да барып қайтты. Былтыр мұнда аудан тіршілігінде маңызды рөл атқаратын Полиция бөлімшесі, прокуратура мен сот ғимаратына жөндеу жұмыстары басталған. Облыс әкімі аталмыш нысандардың сапасына баса назар аударып, алдағы уақытта ауыл ішіндегі басқа да ғимараттарды қалыпқа келтіру керектігін айтты.

Сондай ақ облыс әкімі Ермек Көшербаев Марқакөл ауылының мектеп-интернат колледжіне де ат басын бұрды. Мұнда шілде айында колледж жатаханасы күрделі жөндеуден өткен. Нысанды қалыпқа келтіру үшін 262 млн теңге қаражат бөлінген.

Колледж жатақханасының күрделі жөндеуден өткеніне мекеме басшысы дән риза. Жатақханада студенттер үшін бар жағдай қарастырылған.