Өскемендегі Пушкин атындағы облыстық кітапханада «DosAI» жасанды интеллект жүйесі іске қосылды. Бұл еліміздегі алғашқы кітапхана нейро-ассистенті. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект оқырман сұрақтарына дереу жауап беріп, қажетті ақпаратты табуға көмектеседі.
Кітапханалар тек кітап беретін орын болып қана қоймай, оқырман ақпарат алатын, бірлесе жұмыс істейтін, ойын, білім, ғаламторды ұштастырған заманауи орынға айналуда. Қазіргі таңда жастарды білімге баулып, оқулықтарға деген сұранысты арттыру мақсатында оқырман үшін түрлі жағдай жасалған. Енді «DosAI» жобасы арқылы тұрғындар кітапхананың жұмыс тәртібі, алдағы іс-шаралар мен көрмелер жайлы толық ақпарат ала алады.
Жасанды интеллект бірнеше секундтың ішінде ақпаратты өңдеп, пайдаланушыға қажетті деректерді ұсынады. Мамандардың сөзінше нейро-ассистент уақытты айтарлықтай үнемдейді. Мұнда ғалымдар мен өлкетанушылардың жазған еңбектері де бар. Жоба тұсаукесеріне кітапханашылар, студенттер мен IT-саласының мамандары қатысты.